2019 жылдың 12 сәуірі күні Бәйтерек ауданының Асан ауылында орналасқан «Мар-эль» шаруа қожалығының өндірістік базасында ауыл шаруашылығы басқармасының, «Байер КАЗ», «Мар-эль» ЖШС ұйымдастыруымен «Тұқымды алдын ала өңдеу, дәрілеу» тақырыбында өңір дихандарының қатысуымен семинар өтті. 


Семинар барысында сала мамандары мен шаруашылық иелері дәнді дақылдар тұқымын екпес бұрын алдын ала өңдеудің маңыздылығына тоқталды. Дәріленген тұқымның шығар өнімнің түрлі өсімдік ауруларынан 15-20 пайызға жойылуын төмендетуге ықпал ететінін, тұқымды улау арқылы залалсыздандырып, бастапқы қалыпты өсуіне жағдай жасалатыны, сондай-ақ тұқым өңдейтін жаңа дәрі Редиго Про туралы айтылды. Биылғы жылы қар суының мол, жердің ылғалды болуы қамбаларына мол өнім алуға ықыласты шаруалардың пайдасында болмақ, тек уақытында тұқым өңдеу жұмыстарын мезгілінде жүргізу қажет. 


«Мар-эль» шаруа қожалығының басшысы Марат Асанов биылғы өнімінің бітік шығатынына сенімді, «Бізде тұқым қоры, техника барлығы жеткілікті, мемлекеттен де қажетті қолдау көрсетілуде, ендігі ауа-райының қолайлы болуы, алдын ала болжамдарды біліп отыру үшін «Казгидомет» РМК-мен келісім-шартқа қол қойылды» деп атап өтті.


Жиын соңында сала мамандары мен дихандар «Мар-эль» шаруашылығының базасын аралап тұқым өңдеу жұмыстарымен танысты.

 

Ауыл шаруашылығы басқармасы