11 наурыз күні Ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында Басқарма басшысы Берік Есенғалиевтің төрағалық етуімен 2019 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа дизель отынын жеткізу бойынша оператор анықтау отырысы өтті.

 

Аталған отырысқа Басқарманың мамандары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, «Қазақстан фермерлер одағы» бірлестігінің «Атамекен» ҰКП БҚО бойынша филиалының, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектер ерікті қоғамының» өкілдері және конкурсқа қатысушылар қатысты.

 

Отырыста Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Есенғалиев ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа дизель отынын жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруға тоқталды.

 

Комиссия шешімі бойынша ұсынылған құжаттар мен баға калькуляциясы негізінде  дизель отыны Атырау МӨЗ-ден 6 мың тонна және «Конденсат» АҚ-дан 6 мың тонна көлемінде жеткізілетіні анықталып, ал көпшілік дауыс беру қорытындысы бойынша «Батыс Арна» жеткізуші оператор болып тағайындалды.

 

Сонымен қатар аталған басқосуда дизель отынын тасымалдау кезінде үстеме бағасыз өзіндік құнмен жеткізу қажеттігі  аталып, жеткізу шарттары түсіндірілді.