Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту  мәселесін  ерекше  бақылауда  ұстауы  тиіс.

 

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. Ә.  Назарбаевтың «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық  бәсекеге  қабілеттілік»  атты  Жолдауынан

 

Жаһан бойынша жаппай жүріп жатқан цифрлану үрдісінен ауылдағы шаруалар да қалыс қалып жатқан жоқ екен. Алысқа бармай-ақ, бұл сөзімізге айғақ болатын нақты мысалдар Сырым ауданының өзінен табылуда. Әрине, күннің сәулесінен электр энергиясын өндіретін батареялар мен малдың бағытын ұялы телефонмен анықтауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер де жақсы мысал. Бірақ біз үшін «Жәдік» шаруа қожалығындағы  ұшатын «бақташы» кәдімгідей жаңалық болып көрінді.

 

2005 жылы құрылған «Жәдік» шаруа қожалығы о баста ірі қара мен ұсақ малдың басын көбейтумен айналысты. Марқұм Нәсіболла қарттың өзі бастаған еңбекті бүгінгі күні ұрпағы лайықты түрде жалғастыруда. Атакәсіпке адал Бисенғалиевтер кейінгі жылдары жылқыны асылдандыру мен көбейтуге ерекше ден қойды. Ол үшін қожалық өткен жылы «Құлан» бағдарламасы арқылы 19 миллион теңге несие алып, қазақы жабы тұқымды 50 жылқы сатып алды. Қыстақтың басына былтыр 600 шаршы метр қоражай мен 1200 шаршы метр аула салынды. Мал азығын дайындайтын техникалар мен агрегаттар жаңаланды.

 

— Жылқыға еркіндік керек қой. Еркін жүріп, еркін жайылғанды жақсы көреді. Жылқышы болудың да бір қиындығы – осы жерде. Үйірдің артынан таңнан кешке дейін ілесіп жүре алмайсың, ал малыңды бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Үйірдің жайылып жүрген бағытын жиі біліп, уақтылы түгендеп отырғаның өзіңе жақсы. Көлігі мен уақыты бар адамға бұл қиын емес. Дегенмен, екі айдай болып қалды, жұмысқа ұшатын «бақташы» алдым! Жаңа «бақташы» келгелі, жылқышымның жұмысы әжептеуір жеңілдеді, – деді бізге қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев.

 

Бақташының кім екенін, оның немен айналысатынын жақсы білеміз ғой. Бақташылар малды көбіне атпен, кейде жаяу жүріп бағады. Ал  атқа да мінбейтін, жаяу да жүрмейтін, қызметін ұшып жүріп атқаратын бұл не деген «бақташы»?

 

Сөйтсек, ұшатын «бақташы» дегеніміз – әуе түсірілімдерін жасауға арналған квадрокоптер екен.

 

«Жәдік» шаруа қожалығы квадрокоптердің  DIJ  Mavic Pro компаниясынан өндірілген түрін таңдапты. Құны жарты миллион теңгені шамалайтын бұл құрылғы үлкен мүмкіндіктерге ие. Жиналғанда аядай қорапқа сиятын квадрокоптер қанаттарын жазғанда шағын тікұшақтан аумай қалады. Төбесіндегі төрт пропеллер оның ұшуына, ауада бір орында қалықтап тұруына мүмкіндік береді. Дронның бір жолғы қуаты әуеде 27 минут болуына жетеді, ол осы кезде сағатына 65 шақырым жылдамдықпен еркін биіктеп, радиусы 7 шақырым аумақты қамтып береді. Бұл аппаратқа 100-200 метр биіктік түк емес. Құрылғының маңдайына орнатылған 12 мегапиксельді камера бейнетүсірілім мен фототүсірілімді UltraHD сапада  жасайды.

 

Дрон жерден тұрып арнайы джойстикпен басқарылады. Камераның аясындағы көріністер сол джойстикке біріктірілген ұялы телефонның экранына шығады. Камерадағы ақпаратты алу үшін ғаламтордың керегі жоқ, құрылғы негізгі пультпен радиобелгі арқылы байланыс жасайды. Егер GPS байланыс болса тіпті жақсы, экранға мекеннің анықтамасы қоса шығады. Камера көзінің «өткірлігі» сондай, әуедегі оның назарынан 7 шақырымға дейінгі нысанның біреуі де «құтылмайды». Қалған ерік – басқарушыда. Керек нысанға ұшып жақындауға, төбесінен қарауға, оң немесе сол жағынан баруға болады.

 

Қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев квадрокоптер ұшыруды әбден меңгеріп алыпты. Ұшатын «бақташы» да өзінің міндетін жақсы түсініп алған. Әуеге көтеріледі, үйірдің жүрген жерін анықтайды, сол жерге барып, жақсылап суретке түсіреді. Сол сурет арқылы иелері үйірді түгендейді. Ал егер үйір бытырап бара жатқан болса, қожайын ұшатын «бақташыны» жылқы қайы-руға «жұмсап» жібереді. Дрон жылқылардың қақ төбесінен ұшқан кезде, 4 пропеллердің дызылдаған дауысы оларды еріксіз үркітеді. Сөйтіп, алыстап кеткен мал әп-сәтте үйірге қосыла қояды. Әсіресе, дрон өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен малды түгендеуге өте ыңғайлы екен.

 

Мақсот Бисенғалиев жаңа технологияның жылқы түгендеуден басқа да пайдалы тұстарын айтты. Жақын жерлердегі елді мекендер мен далалық жолдардың бағытын анықтау, шабындықтың шөбі қою жерін анықтау, буылған шөптерді санау жұмыстарына квадрокоптердің көмегі көп көрінеді.

 

Квадрокоптерді робот деуге әбден болады. Ол өзінің бастапқы ұшқан жерін  жадына сақтап, сол жерге қайтадан қона алады. Желдің жылдамдығын, қуатының шамасын, барлығын есептеп, керек кездерде апатты қонуларды жүзеге асырады. Яғни, жел ұшырып әкетеді-ау, қуаты таусылып, құлап  қалады-ау деп уайымдамауға болады.

 

Негізі бар ғой, квадрокоптерден гөрі қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиевтің өзі – көбірек айтуға тұратын азамат. Ол –  шаруаға ерте араласқан адам. Мақсоттың Өлеңті орта мектебінің 8-сыныбында оқып жүрген оқушы кезінде-ақ дербес комбайн басқарғанын ауыл әлі айтады. Оның кіші авиақұрам мектебін бітіріп, Мәскеу облысындағы Чкалов әскери аэродромында әскери қызметте болғаны, біраз жыл Жымпиты аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек еткені де Мақсоттың ер-азамат ретіндегі бейнесін аша түсетіндей.

 

Мақсотты былайғы жұрт «Қасқыр Мақсот» деп атайды. Меніңше, Мәкеңнің нағыз бейнесі осы жерде көрінеді. Оны «қасқыр» десе, дегендей. Ол кәсіби аңшылыққа өмірінің 35 жылын арнады. Мылтық асынып, моторлы шана мінген жылдарының бәрі қасқыр аулауға кетіпті. Апталап дала кезген, талай рет қауіп-қатермен бетпе-бет келген, талай жақсы жолдастармен сапарлас қылып, таныстырған аңшылық дәуренін ол дүниенің ешқандай қызығына айырбастай алмайды.

 

– Қасқырларды кезінде ұжымшардың арнайы тапсырысымен атып жүрдік. Оның ізін қуып бармаған жеріміз бертінде де аз болған жоқ. Күніне 8 көкжал алған күндер болды. Алған қасқырларымның нақты санын білмеймін, бірақ қасқырдың текті жаратылыс екенін өте жақсы білемін! –  дейді өзі.

 

Расымен де, қасқыр қуумен өткен 35 жыл адамды қасқыртанушыға айналдырмай қоймайды ғой.

 

Қасқырлар арасындағы тәртіпті, олардың бір-біріне деген адалдығын, оның қарудың тұмсығына  тіке қарай алатын айбарлы көзқарасын Мақсот талай рет сезінген. Ол аң мен құсқа өш болғаннан емес, табиғатқа деген махаббаттың арқасында аңшы болдым деп есептейді.

 

Табиғатқа деген махаббат болар, Мақсот Бисенғалиев 2013 жылы мал шаруашылығына қоса, балық шаруашылығын қолға алды. Сол жылы Атыраудың Индерінен алып келіп, Бұлдырты ауылдық округіндегі Жәдік тоғанына сазан мен сартұқының 3000 шабағын жіберді. Ол шабақтар көбейіп, «Жәдік» шаруа қожалығының тоғанынан ауланған балықтар бір жылдары ауданда өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің сөресін бермеді. Тоғанда қазір Өлеңті өзенінің шортандары көбейтілуде.

 

Бұдан бөлек, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінің балық шаруашылығымен айналысатын жас ғалымдары Жәдік тоғанына африкалық жайын тұқымдарын жіберіп, тәжірибе алаңы есебінде пайдаланып  жатыр.

 

Қожалық иесі алдағы уақытта тоғанның маңын демалыс орнына айналдыруды, басынан бие байлап, қымыз өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Біз шаруа Мақсотқа еңбегінің берекесін,  аңшы Мақсотқа қанжығасының майланғанын, ал Қатима апамызбен бірге немере-жиендерінің қызығына бөленген ата Мақсотқа амандықты  ғана  тіледік.

 

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы