Ақ Жайық өңірінде мыңғыртып  мал өсіруге барлық жағдай жасалған.

 

Соңғы уақытта экологиялық тұрғыдан таза өнім саналатын етті сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін бұрынғы «жабық» қақпалар ашылып жатыр. Енді ауыл-аудандағылар қарапайым сиырды емес, асыл тұқымды мал өсіруге ниетті. Биылғы тамыз айынан бастап көршілес Ақтөбе облысынан өңірімізге ангус тұқымды мал әкеліне бастады.

 

Көршілес облыстағы ет кластерінің бір тізбегі «АқТеп» ЖШС-мен облыс шаруашылықтарының арасындағы экономикалық байланыс, алысберіс нығая түсті. Бөрлі, Қаратөбе, Жаңақала, Сырым, Шыңғырлау аудандарының шаруашылықтары аталмыш серіктестіктен асыл тұқымды ангус сиырларын «жалға алып» өсіруде. Тез салмақ қосатын, еті мәрмәр болатын 2128 баспақ, соның ішінде 1999-ы аналық, 129-ы аталық мал әкелінген. Аудандардың ішінен ең көп мал алған – Бөрлі ауданы. Бұл аудандағы 6 шаруашылық 800 аналық, 48  бұқа  әкеліп, баптауда.

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, «АқТеп» өзінің «Ірі қараны жалға беру» ішкі бағдарламасы бойынша асыл мал өсіргісі келетін шаруашылыққа 100 аналықты және 6 бұқаны жеті жылға жалға береді. Оның үстіне серіктестік бұқаны екі жыл сайын жаңасына  ауыстырып  тұрады.

 

– Шаруагер жалға алған малды кері «АқТеп»-ке 7 жылда 100 қа-шар, 200 бұқашық етіп қайтаруы тиіс. Әрі ірі қараны төлі есебінен екінші жыл дегенде кері қайтаруды бастайды. АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан ангус тұқымды 100 аналық алатын болсаңыз, оның әр басы сертификатымен  850 мың теңгеге шығады. Ал 100 бас 85 миллион теңге тұрады. Әрине, «АқТеп»-тің талабы қатаң, олай болмаса тағы болмайды. Бірақ серіктестіктің бағдарламасының арқасында Бөрлі ауданына 1 млрд. теңге тұратын асыл мал келді. Алдымен серіктестіктегілер мал алғысы келетін шаруагермен сөйлесіп, ол туралы ел-жұртпен пікірлеседі. Көшедегі көлденең көк аттыға асыл малды ұстата салмайтыны айдан анық. Малды жалға берушінің талаптары бойынша мал өсірушінің кемінде әр басқа 20 гектардан жайылым жері, жем-шөп дайындайтын базасы, техникасы сайма-сай болуы тиіс. Ангус тұқымды малға суды емін-еркін жүріп ішетіндей жағдай жасалуы керек. Бұл малға қысқы суықта қораның қажеті жоқ, ықтасын болса, жарап жатыр. Өйткені Солтүстік Дакота мен өңіріміздің климаты ұқсас. Ең басты артықшылығы, серіктестіктің ветеринар маманы асыл малды күтудің жай-жапсарын түсіндіреді, тегін кеңесін береді. Ал қажетті дәрі-дәрмек, дәрумендерін нарықтағыдай емес, өз қақына ұсынады. Шаруа адамы тек жалға алынған малды дұрыс бағып, мал басын асылдандыру жолында тер төге еңбектенсе жарады, – деді Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітов. Оның айтуынша, ауданға әкелінген 800 аналықтан тараған малдың төлдерін, соның ішінде аталықтарын аудандағы өзге шаруашылықтардың ірі қарасын асылдандыру үшін әрі қарай тарату көзделуде.

 

Мамандардың айтуынша, «Ақ-Теп»-тің жеке бағдарламасының басты артықшылығы – ол екінші деңгейдегі банктер мен несие институттары сықылды малыңды да, мүлкіңді де кепілдікке сал деп қинамайды, пайыздық өсім деген жоқ. Орта есеппен 7 жыл ішінде 100 аналықтан 600 төл алынатын болса, соның 100 қашарын, 200 бұқашығын, яғни 10 айға дейін өсіріп, кері қайтарасың. Сонда өзіңде тең жарты мал пайдаңа қалады. Тағы бір айтарлығы, малды жалға берушіге кері қайтаратын 200 бұқашықтың асыл болуы міндетті емес. Мұны да мал баққан ағайынның  ұпайы  деуге  болады.

 

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, осындай мүмкіндікті өңіріміздегі 5 ауданнан өзге аудандар да елеп-ескерсе жөн болар  еді.

 

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА