2018 жылдың 3 қарашасы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтің төрағалығымен Деркөлдегі «Орал ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-ны дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Аталған басқосуда  ауыл шаруашылығының тауарын өндірушілері егістік және мал шаруашылығына   қатысты ақпараттармен танысып, өз ойларын ортаға салды.

 

Жиын барысында И. Стексов биылғы егістің көрсеткішін айта келе «Орал шаруашылық тәжірибе станциясын» ірі астық егетін компанияларға сенімді басқаруға  беруді ұсынды. Станцияның ірі астық егетін шарушылықтарсыз жұмыстануы қиынға соғатыны анық, оған егістік керек, бірлесіп әрекеттену арқылы жағдайды түзей аламыз, тұқым қорын қалыптастыру жұмыстарына кірісуіміз керек, бұған станцияның бір өзінің ғана күші жетпеуі мүмкін екендігін айтты.

 

Биыл жалпы орташа өнімділік 6 центнер гектарды құраған болатын. Бізде қажетті препараттар, гербицид, тыңайтқыш тағы басқасы да жеткілікті болды, қолдан келетіннің барлығы жасалды. Әрі соңғы жылдардағы қолайсыз ауа райы да егіннің бітік шығуына зардабын тигізуде. Тәжірибе станциясы элиталық тұқым шаруашылығының мәртебесін алған, ол жоғары репродукциялық және элиталық тұқымдарды өсірумен айналысады, сонымен қатар  асыл тұқымды герефорд төлдерін басқа кәсіпорындармен бәсекелессіз жеткізуші болып табылады. Негізгі сатып алушылары ауыл шаруашылықтары, - деп атап өтті аталған станция директорының уақытша міндетін атқарушы Валентина Лиманская.

 

Ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым және астық инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Кайдашев  «Елордада өткен Агрофорумда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа механизм енгізіліп, ең төменгі нормаға сәйкес барлық шаруашылықтар бағдарламаға қатысуға тиіс екендігі айтылды. Сонымен қатар, сорт жаңарту, ауыстыруға қатыспаған шаруашылықтардың жерлері қайтарылады және жыл сайын тұқымды жаңартып отыру қажет екендігін айтып өтті.

 

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Аскар Наметов, «Белес» компаниясының бас директоры Мурат Жакибаев өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, ауыл шаруашылығы саласында қарастырылатын демеуқаржы мәселелері жайында сөз қозғап, ортақ консорциум құру арқылы жұмыстануға шақырды.

 

Нұргүл Мұқанова

Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы